Инсайдерлердің хабарлауынша, iPhone 7 смартфоны 16 қыркүйектен бастап сатылымға түспек. Apple компаниясы смартфонның қарапайым нұсқасымен қатар, iPhone 7 Plus және iPhone 7 Pro деп аталатын сәнді һәм техникалық тұрғыда күрделірек нұсқаларын да сол күні сөреге шығаруды жоспарлап отырған көрінеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жаңа өнімнің фотосуреттері жарияланған болатын. Фотосуретке қарағанда, оның сыртқы пішіні осының алдындағы нұсқадан оншалықты ерекшеленбейді. Көзге түсетін басты ерекшелігі – құлаққап тығатын ұяшықтың орны ауысқаны ғана.
Журналистердің пайымдауынша, Apple екі жыл сайын iPhone-ның дизайнын өзгертіп тұратын принципінен бұл жолы бас тартқан болуы мүмкін. Яғни, жаңа дизайнды iPhone күтіп жүргендерге 2017 жылдың жазына дейін төзе тұруға тура келеді деген сөз.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»